ТАЛДЫҚОРҒАН АГРО-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ
0

 

Студенттің Ар-намыс кодексі

Талдықорған агро-техникалық колледжі студенттерінің қауымдастығы:

  • Колледж 2022 жылға дейінгі даму стратегиясы және миссиясын жүзеге асырудағы өз жауапкершілігін сезіне отырып,
  • Қазақстан Республикасындағы аграрлық білім берудің көшбасшысы ретінде Талдықорған агро-техникалық колледж имиджін және корпоративті мәдениетін дамыту мен қолдауды өзінің міндеті ретінде санай отырып,
  • Колледж студенттері, оқытушылары, қызметкерлері және кәсіптік-техникалық білім беру орнының әкімшілігі арасында шынайы демократиялық қарым-қатынастар жүйесін қалыптастыруға ұмтыла отырып,


Талдықорған агро-техникалық колледж
студентінің осы

Ар-намыс Кодексін қабылдайды және оны қалтықсыз орындауға міндеттенеді.

1-бап.
Колледж студенті Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын, ТАТК Жарғысын, ішкі тәртіп Ережесін, студенттер үйінде тұру Ережесін,  Колледж оқытушылар құрамының, қызметкерлері мен студенттерінің этикалық Ережесін және оқу-тәрбие үдерісін реттейтін басқа нормативті-құқықтық актілерді сақтауға міндеттенеді. 


2-бап.

 Колледж студенті Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын біледі және қастерлейді, колледж дәстүрлерін кіршіксіз сақтап, құрметтейді.  
 

3-бап.
 Колледж студенті басқа студенттермен, оқытушылармен және қызметкерлермен, әкімшілікпен қарым-қатынас барысында ізеттілік, кішіпейілділік және ұқыптылық танытады. 

 
4-бап. 
 Колледж студенті кез-келген азаматтың шығу тегі мен ұлтына, әлеуметтік дәрежесіне, діни немесе дүниетанымдық ұстанымдарына қарамастан құрметпен қарайды, ұлтаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі идеясы мен қағидаттарын насихаттайды.
 
5-бап. 
 Колледж студенті өзінің оқу міндеттерін қатаң орындайды, төмендегідей академиялық, этикалық және құқықтық нормаларды бұзушылыққа жол бермейді:

  • плагиат,
  • алдау,
  • білімді бақылаудың барлық деңгейлері мен түрлерінен өту барысында шпаргалка пайдалану, көшіру және біреуден сұрау;
  • жоғары баға алу үшін туысқандық немесе қызметтік байланыстарды пайдалану;
  • пара беру;
  • оқытушыны алдау және оны сыйламау;
  • сабақтарды себепсіз жіберу және кешігу.


6-бап. Колледж студенті Қазақстанның болашақ экономикалық, саяси және басқару элитасына лайықты сапалы және бәсекеге қабілетті білім алу идеясын насихаттайды.
 

7-бап.
 Колледж студенті колледж мүлкінің сақталуына қамқорлық жасайды және колледж аумағында құқық бұзушылықтардың орын алуына жол бермейді.
 

8-бап.
 Колледж студенті колледждің кітапханалық-ақпараттық ресурстарына ұқыпты қарайды және бұл ресурстарға қатысты салғырт қараушылық пен нұқсан келтірушілікке жол бермейді.
 

9-бап. 
 Колледж студенті ұқыпты киінеді. Оның сыртқы түр-келбеті зайырлы қоғамның жалпыға ортақ этикалық нормаларына сәйкес келеді.
 

10-бап. 
 Колледж студенті салауатты өмір салтын ұстанады, өзінің мәдени, адамгершілік және тұлғалық даму деңгейін жетілдіруге ұмтылады, колледждің қоғамдық-мәдени, ғылыми және спорттық өміріне белсене атсалысады.
 

11-бап. 
 Колледж студенті колледжге және оның аумағынан тыс жерлерде де құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
 

12-бап.
 Колледж студенті елдегі тәртіптің тұрақсыздануына әкеп соғатын ақпараттың таратылуына жол бермеуі, сондай-ақ заңмен рұқсат етілмеген жиналыстарға, демонстрацияларға, митингілерге, ереуілдерге, акцияларға және шерулерге қатыспауы тиіс.
 

13-бап.
 Колледж студенті  колледж мүддесіне қайшы келетін және оның имиджі мен беделіне нұқсан келтіретін кез-келген іс-әрекетке қатысудан бой тартады.
 

14-бап.
 Колледж студенті студенттік қоғамдастыққа кіретінін мақтаныш тұтып, корпоративті біртұтастық сезім қалыптастырады.
 

15-бап.
Колледж студенті аталған Кодекс ережелерінің бұзылуын байқаған сәтте оны өз күшімен түзетуге тырысады, ал мұндай әрекет мүмкін болмаған жағдайда бұл келеңсіздіктер туралы студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарына немесе Колледж әкімшілігіне хабарлауға құқылы.